ШУ-ІЛЕ АЛАСА ТАУЛАРЫ МЕН МОЙЫНҚҰМ ҚҰМДАРЫНЫҢ ШӨЛ ЖАҒДАЙЫНДА ӨСІРІЛЕТІН ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚ МЕРИНОСЫНЫҢ КӨБЕЮ ЖӘНЕ ӨНІМДІЛІК ҚАСИЕТТЕРІН ЖАҚСАРТУДЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мақалада әртүрлі меншік нысандар жағдайларындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс тәжірибесіне, сонымен қатар селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды және де жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірінің тау бөктеріндегі далалық және шөлді жайылымдарды жыл бойы пайдалану жағдайында қой шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясын жетілдіруге бағытталған қызмет ете алатын ғылыми зерттеулердің деректері көрсетілген.
Әртүрлі тұқымішілік типтегі қойлардың жыныстық және жастық топтары бойынша қан сарысуы ақуыздарының полиморфты жүйелерін зерттеу аллельдердің белгілі бір комбинацияларының болуын және трансферрин мен гемоглобин генотиптерінің ара қатынасын анықтады. Зерттеу нәтижесінде жануарлардың аллельдердің және генотиптердің комбинацияларының пайда болу жиілігінің өзіндік ерекше диапазоны бар екені анықталды. Алынған зерттеу нәтижелері бойынша жануарлардың өнімділік қасиеттерін ерте бағалау барысында генетикалық қан маркерлерін қолдану мүмкіндігі белгіленді.
Ғылыми негізделген асылдандыру әдістерін қолдану нәтижесінде Жамбыл облысындағы «Батай-Шу» ЖШС шаруашылығында шайыры ақ түсті, жуылған таза жүн қырқымы 3,1 кг және таза жүн шығымы 48-50 % құрайтын оңтүстік қазақ меринос қой тұқымының асыл тұқымды австрализацияланған қой отары құрылды.