Мәзір

Журнал саясаты

Журнал саясаты университеттің Ғылыми кеңесінде 2025 жылғы 9 шілдедегі №12 хаттамамен бекітілген Ғылыми журнал туралы Ереженің негізінде қалыптастырылған.

Ғылыми журнал Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес басылып шығарылатын бұқаралық ақпарат құралы болып табылады.

Ғылыми журнал – бұл ғылыми рецензияланатын мерзімді баспа басылымы.

Ғылыми журнал келесі тілдерде басылады: ағылшын, қазақ, орыс.

Толық үш тілді (ағылшын, қазақ, орыс) метадеректермен (аннотация, кілт сөздер, әдебиеттер тізімі, авторлар туралы мәліметтер) ағылшын тілінде дайындалған мақалаларға басымдық беріледі.

Ғылыми журнал жылына 4 рет шығарылады:

  • № 1 шығарылым қаңтар - наурыз

  • № 2 шығарылым сәуір - маусым

  • № 3 шығарылым шілде - қыркүйек

  • № 4 шығарылым қазан – желтоқсан

Қажет болған жағдайда ғылыми журнал жеке шығарылыммен басылуы мүмкін (мерейтойлар, атаулы күндер және т.б.).

Мақалаларды қабылдау мерзімдері:

  • 1-тоқсан – 31 қаңтарға дейін

  • 2-тоқсан – 30 сәуірге дейін

  • 3-тоқсан – 31 шілдеге дейін

  • 4-тоқсан - 30 қазанға дейін

Журнал редакциясы материалдардың көптеп түсуі жағдайында жаңа мақалаларды қабылдауды белгіленген мерзімнен бұрын тоқтату құқығын өзіне қалдырады.

Ғылыми журнал Париждегі халықаралық ISSN орталығында келесі тіркеу нөмірімен тіркелген: ISSN 2304-3334 (Print).

Журнал Crossref жүйесінде тіркелген және жарияланған әрбір материалға бірегей DOI идентификаторын береді. Журналдың DOI-префиксі: 10.37884.

 

МАТЕРИАЛДАРДЫ ҰСЫНУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Басылымға тек материалдарды жариялауға қойылатын белгіленген ережелерге қатаң сәйкестікте орындалған ғылыми мақалалар қабылданады.

Авторлар жіберген материалдар мен корректуралар қайтарылмайды.

Ғылыми журнал келесі ғылыми бағыттар бойынша мақалаларды жариялайды: техникалық және технологиялық ғылымдар, агрономия, ветеринария, өсімдіктер мен жануарлар биологиясы, ауылшаруашылық ғылымдары, су ресурстары, ауыл шаруашылығының экономикалық және экологиялық мәселелері.

Жариялау туралы шешімді рецензенттердің сараптамалық бағалаулары негізінде журналдың редакциялық алқасы қабылдайды.

Әр нөмірде отандық және шетелдік авторлардың мақалалары жарияланады, бұл ретте басылыммен аффилиирленбеген авторлардың ғылыми мақалалары журнал нөміріндегі жарияланымдар санының кемінде 50% (елу) пайызын құрайды.

Толық үш тілді (ағылшын, қазақ, орыс) метадеректермен (аннотация, кілт сөздер, әдебиеттер тізімі, авторлар туралы мәліметтер) ағылшын тілінде дайындалған мақалаларға басымдық беріледі. Бұл ретте әр нөмірде кемінде бір мақала қазақ тілінде және кемінде бір мақала орыс тілінде жарияланады.

Мақалаларды іріктеу кезінде Scopus немесе Web of Science халықаралық деректер базаларында жарияланымдарды қоса алғанда, ғылыми-жарияланымдық қызметте елеулі тәжірибесі бар, Хирш индексі  ≥ 5 болатын шетелдік авторлардың жұмыстарына басымдық беріледі. Қазақстандық ұйымдармен аффилиирленбеген мұндай авторлар үшін жарияланым тегін негізде ұсынылады және басым тәртіппен қаралады.

Редакцияға ұсынылатын мақала журналдың бейініне және тақырыптық бағытына, авторлардың қолжазбаларды ұсыну ережелеріне сәйкес болуы және ашық сипатта болуы тиіс. Шектеу қоятын грифтің болуы материалды ашық жариялаудан бас тартуға негіз болады.

Ғылыми журналда жариялауға арналған мақаланы беру тек электрондық түрде журналдың сайтында (https://journal.kaznaru.edu.kz/index.php/research) барлық мақала және оның авторлары туралы деректерді көрсете отырып, корреспонденция үшін автордың жеке кабинетінде тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.

Қолжазбамен жұмыс істеу сатыларында редакция, корреспонденция үшін автор және рецензенттер арасындағы коммуникация журналдың сайтындағы онлайн платформа арқылы, ерекше жағдайларда – kaznau_statya@kaznaru.edu.kz электрондық поштасы арқылы жүзеге асырылады.

Ғылыми журналдың редакциясы қолжазбаны формальды талаптарға (қолжазбаны ресімдеу) сәйкестігіне қарау кезінде, сондай-ақ плагиатқа тексеру жүйесі арқылы қолжазбадағы өзгертілген мәтіннің бар-жоғын тексереді.

Тек түпнұсқалық мақалалар, яғни плагиатқа қарсы жүйе арқылы тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқалығы 70% және одан да көп құрайтын жұмыстар ғана одан әрі рецензиялауға жіберіледі. Егер қолжазба журналда қойылатын ресімдеу талаптарына сәйкес келмесе және плагиатқа тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқалық жұмыс болып табылмайтын болса, ол тиісті өзгерістер енгізу және оны редакциялық алқаның қарауына журналдың электрондық платформасы арқылы қайта жіберу үшін авторға қайтарылады.

 

ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫН РЕЦЕНЗИЯЛАУДАН ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

Автордан келіп түскен материалдар ұсынылатын талаптарға (Қосымша) сәйкес жиынтықтылығы мен ресімдеуінің дұрыстығына алғашқы бақылаудан өтеді.

Журналдың Бас редакторы (Бас редактордың орынбасары) мақаланы журнал бөлімінің бағыты бойынша рецензиялауға жібереді.

Рецензиялау қос соқыр рецензиялау әдісімен жүргізіледі. Барлық рецензенттер ғылыми жарияланымдардың этикалық талаптарын ұстануға, объективті және әділ болуға тиіс. Рецензенттердің жеке басы авторларға немесе басқа рецензенттерге жария етілмейді. Рецензенттер, оның ішінде шетелдік, тиісті зерттеу саласының мамандары болып табылатындар, бас редактормен мақаланың бейіні бойынша Web of Science немесе Scopus халықаралық деректер базаларында жарияланымдары бар немесе Хирш индексі кемінде 2 (екі) болатын жетекші мамандар қатарынан тағайындалады.

Рецензенттер қолжазбаны бағалауға әсер етуі мүмкін өздерінің қарым-қатынастары мен әрекеттері туралы мәлімдеуге және қарастырылып отырған қолжазбаға қатысты нақты немесе әлеуетті мүдделер қайшылығы туындаған жағдайда рецензиялау процесінен бас тартуға тиіс. Атап айтқанда, рецензент рецензияланатын жұмыстың авторы немесе тең авторы, ғылыми дәрежеге ізденуші автордың ғылыми жетекшісі, мақала авторларының кез келгені жұмыс істейтін бөлімшенің қызметкері бола алмайды.

Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі. Егер мақала рецензенттермен кері қағылса, авторларға бас тарту себептері көрсетілген бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Мақалаларды рецензиялау мерзімі үш аптадан аспайды.

Егер рецензент мақаланы ескертулерді ескере отырып өңдеуден кейін жариялауға ұсынса немесе мақаланы жариялауға ұсынбаса, рецензияда мұндай шешім қабылдаудың себептері көрсетілуі тиіс.

Өңдеуді қажет ететін мақала авторға рецензенттің ескертулерімен бірге жіберіледі. Автор қолжазбаның соңғы түзетілген электрондық нұсқасына барлық қажетті түзетулерді енгізіп, журнал редакциясына 3 күн ішінде қайтаруы тиіс.

Өңдеуден кейін мақала жалпы тәртіппен қаралады. Мақала қайта рецензияланады, және журнал редакциясы оны жариялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.

Егер рецензенттің бағасы оң болып, журналдың редакциялық алқасының шешімі авторға/ларға жеткізілген жағдайда, жариялау құнын төлеп, төлем түбіртегінің сканерленген нұсқасын kaznau_statya@kaznaru.edu.kz электрондық мекенжайына жіберу қажет.

Мақаланың жарияланымға қабылданғанын растамайтын шағымдар қарастырылмайды. Өз уақытында төленбеген мақалалар, егер олар жарияланымға қабылданған болса, келесі нөмірге автоматты түрде ауысады немесе корреспонденция үшін авторға хабарлау арқылы жарияланымнан алынып тасталады.

Журнал редакторы қолжазба мәтінін орфографиялық және синтаксистік қателердің бар-жоғына тексергеннен кейін мақала журналдың кезекті нөмірінде жарияланады.

Журнал редакциясы мақалалардың қолжазбалары мен оларға берілген рецензияларды үш күнтізбелік жыл бойы сақтайды.

 

ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Ғылыми журналдың Меншік иесі, Редакциялық кеңес және Редакциялық алқа зерттеу авторлары келтірген ақпараттың дұрыстығына жауапты болмайды.

Автор мақаланың қолжазбасын ғылыми журналға жібере отырып, зерттеудің түпнұсқалығы үшін, өзі келтірген деректердің, фактілердің, дәйексөздердің, меншікті атаулардың, географиялық атаулардың, тегінің, инициалдарының және өзге де мәліметтердің дұрыстығы мен дәлдігі үшін, сондай-ақ мақалаға ашық жарияланымның нысанасы болып табылмайтын деректерді орналастырғаны үшін жеке жауапкершілікті қабылдайды және ғылыми журналдың меншік иесіне шығарманы баспа арқылы жариялау жолымен жария етуді тапсырады.

Мақала мәтінін ғылыми журналда жариялау үшін ұсына отырып, автор өзі туралы барлық мәліметтердің дұрыстығына, мақала қолжазбасында плагиаттың және басқа да заңсыз иемдену нысандарының болмауына, мәтінді, кестелерді, сызбаларды, иллюстрацияларды барлық иемденулердің тиісінше ресімделуіне кепілдік береді. Жарияланған материалдардың авторлары келтірілген фактілерді, дәйексөздерді, статистикалық деректерді және өзге де мәліметтерді іріктеу және дәлдігі үшін жауапты болады.

Жарияланымды дайындау кезінде этикалық нормаларды сақтау зерттеудің ғылыми дұрыстығын қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Осыған байланысты редакция иемденулерді ресімдеудің дұрыстығына ғана емес, сонымен қатар алынған нәтижелерді тексеруге және қайталауға мүмкіндік беретін методологиялық ашықтыққа да ерекше назар аударады.

Қайталану мүмкіндігі (Воспроизводимость): Түпнұсқалық зерттеулердің авторлары орындалған жұмыс туралы нақты есепті, сондай-ақ оның маңыздылығын объективті талқылауды ұсынуға тиіс. Әрбір түпнұсқалық мақалада зерттеу нәтижелерінің қайталану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, жабдықтар мен материалдардың шығу тегі (фирма, ел), деректерді статистикалық өңдеу әдістері және қайталану мүмкіндігін қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері көрсетіле отырып, зерттеу әдіснамасы сипатталады.

Деректер алмасу: Редакцияның сұрау салуы бойынша авторлар зерттеудің бастапқы деректерін ұсынуға тиіс және егер бұл іс жүзінде мүмкін болса, мұндай деректерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге дайын болуы керек, сондай-ақ кез келген жағдайда бұл деректерді жарияланғаннан кейін 5 жыл бойы сақтауға дайын болуы тиіс.

Иемденулер: Мақала авторлары түпнұсқалық жұмысты ұсынуы тиіс. Басқа авторлардың жұмыстары және/немесе дәйексөздері пайдаланылған жағдайда, дереккөзге библиографиялық сілтемелер міндетті болып табылады.

Плагиат – бұл бөтеннің ғылым, ой, өнер немесе өнертабыс туындысының авторлығын қасақана иемдену болып саналады. Плагиат авторлық-құқықтық заңнаманы және патенттік заңнаманы бұзуы мүмкін және осыған байланысты автордың заңдық жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін.

Түпнұсқалық: Автор, мәні бойынша, бірдей зерттеуді сипаттайтын жұмыстарды бірнеше журналда немесе бірнеше бастапқы жарияланымда жарияламауы тиіс. Бір қолжазбаны бірден бірнеше журналға жіберуге жол берілмейді.

Автор ғылыми журналға берілген материалды пайдалануға ерекше құқықтарының бар екендігіне кепілдік береді. Осы кепілдік бұзылған және осыған байланысты ғылыми журналдың меншік иесіне және/немесе редакциялық алқаға талаптар қойылған жағдайда, автор барлық талаптарды өз бетінше және өз есебінен реттеуге міндеттенеді. Ғылыми журналдың меншік иесі және редакциялық алқасы автор берген кепілдіктерді бұзғаны үшін үшінші тұлғалар алдында жауапты болмайды.

Ғылыми журналда жариялау үшін материалдарды жіберу жоғарыда келтірілген талаптармен автордың келіскенін білдіреді.

Авторлық құқықтарды сақтау және ғылыми үлестің ашықтығы академиялық этиканың өзара байланысты қағидаттары болып табылады. Жарияланатын материалға ерекше құқықтарға кепілдік берумен қатар, редакция зерттеудің әрбір қатысушысының жеке үлесін нақты айқындауды талап етеді.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін тиісті авторлардың CRediT (Contributor Roles Taxonomy) сәйкес рөлдерін пайдалана отырып, қолжазбаға бірлескен авторлық үлес қосуын қамтамасыз ету қажет. CRediT таксономиясы ғылыми нәтижелерге әрбір қатысушының нақты үлесін сипаттайтын 14 түрлі рөлді қамтиды.

Рөлдер: Концептуализация; Деректерді басқару; Формалды талдау; Қаржыландыруды алу; Тергеу; Әдіснама; Жобаны әкімшілендіру; Ресурстар; Бағдарламалық қамтамасыз ету; Қадағалау; Тексеру; Визуализация; Рөлдер/Жазу – бастапқы жоба; Жазу – шолу және редакциялау.

Барлық рөлдер әрбір қолжазбаға қолданылмауы мүмкін екенін және авторлардың бірнеше рөлді орындау арқылы үлес қосуы тиіс екенін ескеру қажет.

Бірлескен авторлардың үлесін сипаттау мақаланың соңында «Авторлар туралы ақпарат» дегеннен кейін «Авторлардың үлесі» деген тақырыппен келтіріледі.

Жұмысқа үлес қосқан басқа қатысушылар «Алғыс айту» бөлімінде тізімделуі мүмкін. Бұл ретте барлық тең авторлар (корреспонденция үшін автордың атынан) мақаланың редакциямен келісілген соңғы нұсқасын және оның журналда жариялануын мақұлдауы тиіс.

Мүдделер қайшылығы: Мақаланы ұсынған кезде, автор(лар) мүдделер қайшылығының бар немесе жоқ екендігі туралы хабарлауға міндетті.

Жарияланғаннан кейін өзгерістер енгізу, мақалаларды кері қайтарып алу

Егер автор өзінің жарияланған жұмысында елеулі қателік немесе дәлсіздік тапса, ол бұл туралы журналдың редакциясына хабарлауға және мақаланы кері қайтарып алу немесе түзету үшін редакциямен ынтымақтасуға тиіс.

Ұсынылған қолжазбада немесе жарияланған мақалада жарияланым этикасын бұзушылықтар (плагиат, деректерді айла-шарғы жасау, бір уақытта әртүрлі басылымдарға ұсыну, қонақ авторлық, мүдделер қайшылығы және т.б.) анықталған кезде, автор бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін редакциямен ынтымақтасуға міндетті, ал қателіктер анықталған жағдайда – түзетулерді немесе теріске шығаруларды жариялауға жәрдемдесуге тиіс. Әдепсіз мінез-құлық фактілері туралы хабарламалар мақаланы жариялау күніне қарамастан қарастырылады.

Авторлық құқық: Жарияланымға қабылданған қолжазбаға құқықтар Журналдың Баспагеріне беріледі. Барлық материалды немесе оның бір бөлігін қайта басып шығарған кезде авторлар осы журналдағы бастапқы жарияланымға сілтеме жасауға міндетті.

Жарияланымдардың қолжетімділігі

Журнал ғылыми ақпаратты еркін тарату және жалпы әлеуметтік прогресс үшін жаһандық білім алмасу қағидаттарын қолдай отырып, жарияланған контентке бірден ашық қолжетімділік саясатын ұстанады. Журналдың барлық мақалалары кезекті нөмір шыққаннан кейін бірден толық мәтінде онлайн қолжетімді болады. Журналдың архиві 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін журналдың сайтында онлайн қолжетімді.

Осы журналда жарияланатын мақалалар CC BY-NC 4.0 (Creative Commons Attribution — Non Commercial 4.0 International) лицензиясымен орналастырылған, ол оларды тек коммерциялық емес мақсатта пайдалануды көздейді. Осы лицензияға сәйкес, пайдаланушылар авторлық құқықпен қорғалған материалдарды көшіруге және таратуға құқылы, бірақ оларды өзгертуге немесе коммерциялық мақсатта пайдалануға рұқсат етілмейді. Лицензиялау туралы толық ақпарат мына мекенжайда қолжетімді: https://creativecommons.org/licenses/by-nc/4.0/

Архивтік материалдар

Егер журналды шығару тоқтатылса, электрондық және/немесе баспа нұсқасындағы барлық мақалалар журналдың баспагерінде қолжетімді болады.

Ғылыми жарияланымдарда генеративті жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалануға қатысты редакция саясаты

Журнал редакциясы генеративті ЖИ-дің мәтінді өңдеу, деректерді талдау және ғылыми жұмысты оңтайландыру құралы ретіндегі әлеуетін мойындайды. Алайда:

  • Авторлар деректердің дәлдігін, түпнұсқалығын және этикалық тұрғыдан дұрыстығын қоса алғанда, мақаланың мазмұнына толық жауапты болады.

  • ЖИ-ді пайдалану авторларды академиялық адалдық стандарттарын (плагиат, деректерді фабрикациялау және т.б.) сақтаудан босатпайды.

ЖИ-ді пайдалануды мәлімдеу:

  • Егер ЖИ кез келген кезеңде (мәтін жазу, редакциялау, код/формулалар генерациялау, деректерді визуализациялау) қолданылса, бұл «Әдістер мен материалдар» немесе «Алғыс айту» бөлімінде нақты көрсетілуі тиіс, мысалы: Құралдың атауы (мысалы, ChatGPT, Gemini, Copilot және т.б.); Қолданудың нақты тәсілі (мысалы, «мәтінді аудару үшін», «құрылымды оңтайландыру үшін»).

  • ЖИ автор немесе тең автор ретінде көрсетіле алмайды.

  • Егер ЖИ-ді пайдалану дәлсіздіктерге, қайшылықтарға немесе қате сілтемелерге әкеп соқса, редакция мақаланы кері қайтару құқығын өзіне қалдырады.

  • ЖИ-ді тек қосалқы міндеттер үшін пайдалану қажет: корректура, грамматиканы тексеру, құрылымдау.

  • Барлық тұжырымдар, формулалар мен қорытындылар авторлармен тексерілуі тиіс. 

Тек ЖИ арқылы, автордың елеулі үлесінсіз жасалған мақалалар жарияланымға қабылданбайды.