Мәзір

Нөмір 28 № 3 (111) (2026): Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты

мамыр - маусым

Жарияланды: 30.06.2026

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНДЕГІ ҚАРАКӨЗДІҢ Rutilus caspicus (Yakovlev, 1870) БИОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

 Бұл мақалада Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қаракөз популяциясының биологиялық және трофикалық көрсеткіштеріне зерттеу жүргізілді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде Каспий теңізінде белгіленген 10 сынама алу станцияларынан жалпы саны 442 дана балық ауланды. Сондай ақ, оларға талдау жүргізіліп, ұзындық-салмақтық ара-қатынасы, қоңдылық коэффициенттері, жасы және жыныстық ара-қатынасы және қоректену көрсеткіштері баллдық шкаламен бағаланды. Зерттеу стандартты ихтиологиялық әдістерді қолдана отырып, ауланған балықтар бойынша жүргізілді. Алынған нәтижелер қаракөз балығының өсуі ұзындық пен салмақ арасындағы тығыз байланысқа негізделетінін және оның аллометриялық сипатта жүретінін көрсетті. Бұл балықтардың тіршілік ортасында қорек қоры жеткілікті болған жағдайда салмақтың ұзындыққа қарағанда қарқынды өсетінін дәлелдейді. Сонымен қатар, қоңдылық көрсеткіштерінің тұрақтылығы балықтардың физиологиялық жағдайының жақсы екенін және олардың тіршілік ортасы қолайлы екенін айқындайды. Популяция құрылымын талдау барысында жас дарақтардың басым екені анықталды, бұл табиғи жаңару процесінің белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Ірі және жасы үлкен дарақтардың салыстырмалы түрде аз болуы табиғи факторлармен қатар антропогендік әсерлердің ықпалымен түсіндірілуі мүмкін. Жыныстық құрам ерекшеліктері де популяцияның тұрақтылығын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қоректену белсенділігіне жүргізілген талдау балықтардың табиғи ортада жеткілікті қорекпен қамтамасыз етілгенін және қоректену процесінің бірқалыпты жүретінін көрсетті. Жалпы алғанда, қаракөз балығы популяциясының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деңгейде бағаланып, Каспий теңізінің экологиялық жағдайларына жақсы бейімделгені анықталды. Зерттеу нәтижелері балық ресурстарын ұтымды пайдалану, қорғау және басқару шараларын жетілдіру үшін ғылыми негіз бола алады.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ СҮТТІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА КӨБЕЮДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Мақалада сүтті ірі қара малын табын толықтыруда жынысы бойынша бөлінген ұрықты қолдану мен ультрадыбыстық диагностиканың тиімділігін бағалау бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері ұсынылған. Зерттеулер Қостанай облысындағы «Тұрар» ЖШС және «Олжа Садчиковское» ЖШС жағдайында голштин тұқымды сиырлар мен қашарлар арасында жүргізілді. Буаздықты жедел анықтау мақсатында ректалды датчикпен жабдықталған портативті Draminski ультрадыбыстық сканері пайдаланылды, тексеру ұрықтандырудан кейінгі ерте кезеңде - 28–30-күндері жүргізілді, сонымен қатар ректалды пальпация әдісімен қатар қолданылды. Ультрадыбыстық диагностиканың сиырлар мен қашарларда буаздықты ерте анықтауда жоғары ақпараттық құндылыққа ие екенін көрсетті. Бұл әдіс буаздықты ұрықтандырудан кейін 28–35-күндері анықтауға мүмкіндік береді, яғни дәстүрлі ректалды пальпацияға қарағанда 15–20 күн бұрын. Анықталғандай, «Тұрар» ЖШС-де қашарлардың алғашқы үш күйлеу кезеңіндегі ұрықтану деңгейі 75,3…97,4% аралығында, оның ішінде бірінші ұрықтандырудан кейін 75,3% құрады. Ал «Олжа Садчиковское» ЖШС-де бұл көрсеткіш тиісінше 71,1…97,4% және 71,1% болды. «Тұрар» ЖШС-де 3 бас, ал «Олжа Садчиковское» ЖШС-де 2 бас төртінші күйлеуде ұрықтанған, соның нәтижесінде ұрықтандыру индексі тиісінше 2,1 және 2,2-ге тең болды. Бұқалардың жынысы бойынша бөлінген ұрығын клиникалық тұрғыдан сау қашарларды ұрықтандыруда қолдану төл құрамында қашарлардың жоғары үлесін қамтамасыз етті. Атап айтқанда, «Тұрар» ЖШС-де алынған төл ішінде қашарлардың үлесі «Олжа Садчиковское» ЖШС-мен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары болып, 91,6%-ды құрады, ал тәжірибелік шаруашылықтар бойынша орташа көрсеткіш 87,8% болды. Бұл көрсеткіш аталған биотехнологияны қолданудың тиімділігін дәлелдейді. Ультрадыбыстық диагностиканы, гинекологиялық диспансеризацияны және табын толықтыруда заманауи биотехнологияларын кешенді түрде қолдану биологиялық және экономикалық тұрғыдан негізделген және сүтті мал шаруашылығы тәжірибесіне кеңінен енгізуге ұсынылады.

РАЦИОН ПРОТЕИНІНІҢ МЕСҚАРЫНДАҒЫ ЫДЫРАУ ДӘРЕЖЕСІ ӘРТҮРЛІ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА ҚАШАРЛАР МЕН ҚҰНАЖЫНДАРДЫҢ КӨБЕЮ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ

Мақалада рационда еритін және ыдырайтын ақуыздың әр түрлі деңгейінің сүтті малдың құнажындары мен табын алмастырушы қашарлардың өнімділігіне әсері көрсетілген. Зерттеу жұмыстары қашарлардың ұрықтандыруға дайындау, құнажындарың буаздығына, төлдегеннен кейінгі қалпына келу үрдістермен жануарларды ұрықтандыру кезеңімен жүргізілді. Жоғары дәрежеде еритін және ыдырайтын ақуызы бар жемшөппен азықтандыру месқарындағы аммиак концентрациясының артуына ықпал ететіні анықталды. Бұл организмнен азоттың сыртқа бөлінуінің жоғарылауының себебі. Көрсетілген фракциялардың төмен дәрежесі микробтардың синтезін және ақуыздың өнімді әсерін шектейді. Демек, күйіс қайыратын жануарлардың азықтық ақуызды барынша пайдалануы үшін микробтық ақуыз синтезінің жоғарылауымен бірге оның месқарында ашытуын реттейтін әдістерді іздеу қажет. Азықтық ақуызды месқарында микроорганизмдерінің әсерінен қорғау және оңтайлы ашыту жылдамдығы мен микробтық ақуыздың жоғары дәрежеде артуы  үшін препараттарды азотты қосылыстармен ішінара ауыстыру белгілі бір қызығушылық тудырады. Аналық малдан төл алу жағдайы көптеген факторларға байланысты, олардың әрқайсысының әсер ету дәрежесі әр шаруашылықта бірдей емес. Малды толыққұнды және жеткілікті азықтандыру деңгейі, оны күтіп-бағу жүйесі мен зоогигиеналық жағдайлар, жануарларды қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыру - ең маңызды факторлар болып табылады және олардың маңыздылығы өте ерекше.Бұл факторлар үнемі талқыланады және шаруашылықтардағы сәтсіздіктер көбінесе ұдайы өндірумен ғана байланыстырылады. Сонымен қатар, ветеринариялық бақылауды дұрыс ұйымдастыру қажет, сондай-ақ төл алу жағдайын уақтылы және толық бағалау да үлкен әсерін тигізеді. Жұмыстың маңыздылығы ақуыздың жетіспеушілігіне ерекше сезімтал жас аналық малдардың өніп-көбею қасиеттерін зерттеу кезінде артады. Оның жетіспеушілігі ферменттер функциясының тежелуіне, гормоналды бұзылуларға әкеледі, жануарлардың көбеюіне  теріс әсер етеді. Тіршілікке маңызды аминқышқылдарының тапшылығы, әсіресе, малдың төлдегіштігіне кері септігін тигізеді. Тәжірибелі топтарды азықтандыруда 15% ыдрайтын соя шроты мен 10% аминқышқылдарымен байытылған құрама жем концентратын рационға қосу ұрықтандырудың ұтымдылығына, туу үрдісінің қалыпты өтуіне, шуудың тез бөлінуіне және сервис кезеңінің қысқаруына оң әсер етті.

ТҮЙЕ СҮТІНДЕГІ САРЫСУАҚУЫЗДАРЫН SDS-PAGE ӘДІСІМЕН ЗЕРТТЕУ

Түйе сүті Қазақстанның шөл аймақтары үшін дәстүрлі және стратегиялық маңызды өнім. Оның емдік-профилактикалық қасиеттері сарысу ақуыздарының құрамымен байланысты. Алайда Қазақстан жағдайында бактриан және дромедар түйелерінің сарысу ақуыздарының SDS PAGE бейіні әлі зерттелмеген. Зерттеудің мақсаты – бактриан, дромедар және жиынтық түйе сүтінің сарысу ақуыздарын SDS-PAGE әдісімен бөліп, олардың сандық құрамын, электрофоретикалық қозғалғыштығын анықтау және түрлік айырмашылықтарды бағалау. Сарысу ақуыздары рН 4,6 кезінде изоэлектрлік тұндыру және 10000 × g центрифугалау арқылы бөлінді. Электрофорез 12% полиакриламидті гельде SDS қатысуымен Лэммли әдісі бойынша жүргізілді. Маркер ретінде 6 стандартты ақуыз қолданылды: 94, 67, 43, 30, 20, 14,4 кДа. Жолақтардың салыстырмалы мөлшері GelDoc XR+ жүйесінде денситометриялық талдаумен анықталды. Бактриан және жиынтық сүтте 9, дромедарда 8 сарысу жолағы анықталды. Басым фракциялар: сарысу альбумині 20,0–21,2 % Rf=0,15 0,18 және иммуноглобулиндер 19,4–19,8 % Rf=0,09–0,11. α-Лактальбуминнің үлесі 9,7–10,1 % Rf=0,92–0,93 құрады. Лактоферрин ∼ 55 кДа Rf=0,46–0,48 ретінде сәйкестендірілді, оның мөлшері 8,3–9,3 %. Түйе сүтінің барлық үлгілерінде сиыр сүтіне тән β-лактоглобулин анықталмады. Түрлік айырмашылықтың негізгі белгісі – дромедарда №7 жолақтың болмауы. Бұл жолақ бактриан мен жиынтық сүтте бар. Дромедардағы №4 фракцияның мөл-шері 12,2 ± 0,5 % бактрианға 8,1 ± 0,3 % қарағанда едәуір жоғары. Қазақстан жағдайында бактриан және дромедар түйесінің сүт сарысу ақуыздарының SDS-PAGE бейіні алғаш рет анықталды. β-Лак-тоглобулиннің болмауы түйе сүтінің гипоаллергендік қасиетін молекулалық деңгейде дәлелдейді. Иммуноглобулиндер мен сарысу альбуминінің жоғары үлесі оның биологиялық құндылығын көрсетеді және функционалды тағамдар әзірлеу үшін негіз болады.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, АГРОХИМИЯ, АЗЫҚ ӨНДІРУ, АГРОЭКОЛОГИЯ

БАЯНАУЫЛ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ АУМАҒЫНДАҒЫ ЖЕБІРШӨПТІҢ (THYMUS SERPYLLUM L.) ГЕОХИМИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Өсімдіктер әлемі экожүйенің ең сезімтал құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалауда маңызды индикатор болып табылады. Бұл мақалада өсімдіктер экологиялық жағдайларды бағалау үшін қолданылатын екі өңір қарастырылады: Польшадағы Познань қаласы және Қазақстандағы Баянауыл ұлттық табиғи паркі. Зерттеу өсімдіктердің микроэлементтік құрамын талдауға негізделген, бұл табиғи және антропогендік факторлардың экожүйеге әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу объектісі ретінде әртүрлі климаттық және экологиялық жағдайларда өсетін, сыртқы әсерлерге төзімділігімен ерекшеленетін жебіршөп (Thymus serpyllum L.) таңдалды. Микроэлементтердің мөлшерін анықтау үшін жоғары дәлдікті қамтамасыз ететін және алынған мәліметтердің қайталанымдылығын қамтамасыз ететін рентген-спектральдық әдіс қолданылды. Нәтижелер өңірлер арасында микроэлемент концентрациясының елеулі айырмашылықтарын көрсетті. Баянауыл ұлттық табиғи паркінде көп элементтердің мөлшері жоғары болып, бұл топырақ геохимиясының ерекшеліктері мен табиғи ландшафттық жағдайларға байланысты. Ал урбанизацияланған Познань қаласында антропогендік ластанудың ізі байқалып, өсімдіктерде кремний мен скандий сияқты химиялық элементтердің жинақталуы тіркелді. Анықталған деректер өсімдіктердің химиялық құрамының қоршаған ортаның жай-күйін бағалауда сенімді индикатор бола алатынын растайды. Өсімдіктердің микроэлементтік құрамын зерттеу ластану көздерін анықтауға ғана емес, сонымен қатар экожүйелерді қорғау стратегияларын әзірлеуге және антропогендік әсерлер мен климаттық факторларға байланысты өзгерістерді мониторингтеуге де ықпал етеді.

ЖЕРАСТЫ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ СЕБУ ТӘСІЛДЕРІН ЗЕРТТЕУ

Мақалада Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тау бөктерінің суармалы аймағындағы ашық қоңыр топырақ жағдайында жер асты тамшылатып суару кезінде қант қызылшасының өнімінің қалыптасуын зерттеу нәтижелері келтірілген. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде қант қызылшасының өнімділігі себу тәсіліне, тамшылату лентасын көму ені мен тереңдігіне тікелей тәуелді екені анықталды. Әртүрлі себу тәсілдері мен тамшылату лентасын көму тереңдігінің өсімдіктердің биомассасының жиналуына, өсімдік жиілігінің қалыптасуына және өнімділігіне тікелей әсер ететіндігі зерттелді. Зерттеу нәтижелері бойынша ең жоғары өнімділік көрсеткіштері тамшылату лентасын 30–40 см тереңдікке көму және ленталар арасындағы арақашықтықты 100 см сақтау жағдайында бес қатарлы себу тәсілінде (20×5×50 см) және кеңқатарлы 45 см себу нұсқасында байқалды. Бұл жағдайда тамыржемістердің өнімділігі 200 ц/га және одан жоғары деңгейге жетті. Тамшылату лентасын көму енін 100 см деңгейінде қолдану барлық себу тәсілдерінде жоғары өнім қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ал көму енін 150 см-ге дейін ұлғайту өнімділіктің айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Әсіресе кеңқатарлы 60 см себу нұсқасында өнім мөлшері ең төмен деңгейде болды. Сонымен қатар, тамшылату лентасын көму параметрлері мен себу тәсілдерінің оңтайлы нұсқаларында егістіктің арамшөптермен ластануының айтарлықтай төмендегені байқалды. Алынған нәтижелер жер асты тамшылатып суару жағдайында қант қызылшасының өнімділігін арттыруда агротехникалық шаралардың маңыздылығын көрсетеді. Жер асты тамшылатып суару жағдайында қант қызылшасын өсіруде өнімділікті арттыру үшін тамшылату лентасын 100 см енде және 20–30 см тереңдікте орналастыру, сондай-ақ бес қатарлы немесе кеңқатарлы 45 см себу тәсілдерін қолдану тиімді екені дәлелденді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАЛА АЙМАҒЫНДАҒЫ БИДАЙДЫҢ ЖАПЫРАҚ БЕТІНІҢ ДИНАМИКАСЫ

Жұмыста Ақмола облысының дала аймағында өсіру кезінде жаздық жұмсақ бидайдың жапырақ бетінің ауданын қалыптастыру ерекшеліктерін зерттеудің негізгі нәтиже лері келтірілген. Материалдар мен әдістер. Зерттеулер жаздық бидайдың үш сортында жүргізілді: Асыл Сапа, Астана және Шортанды 95 жақсартылған. Сорттарды сынау кезінде өсіру үшін екі Фон қолданылды - таза жалпақ бу және сабан. Өткен жылы жалпақ кескіш бу 12–17 см тереңдікке үш рет өңделді, күздің соңғы терең өңдеуі 23–27 см болды. Нәтижелер мен талқылау. Дәнді дақылдар төрт жыл бойы сабан фонында өсірілді. Жапырақ бетінің қалыптасуын бақылау өсімдіктердің бүкіл вегетациялық кезеңінде жүргізілді. Бірінші кезең-қопсыту кезеңі-түтікке шығу, екінші кезең-шоқтың басталуы, үшінші кезең-Гүлдену-сүттің пісуі, төртіншісі-жаздық бидайдың толық пісуі. Зерттеуде жа пырақ бетінің ауданын зерттеудің үш әдісі қолданылды-сызықтық өлшеу әдісі, өлшеу әдісі және кесу әдісі. Зерттеудің үш әдісін салыстыру зерттелетін белгіге объективті баға беруге және практикалық қолдану үшін көрсеткіштерді бағалаудың ең тиімді және арзан (жоғары өнімді) әдісін ұсынуға мүм кіндік берді. Қорытындылар. Сорттың жапырақ бетінің ең үлкен ауданы шыбықтың басталу кезеңін де қалыптасқаны анықталды. Жапырақ алаңының жиынтық көрсеткіштері бойынша олар мынадай тәртіппен орналастырылды: Шортанды 95 улучшенная-Асыл Сапа-Астана. Өсіру аясы белгінің ауы рлығына айтарлықтай әсер етті, сондықтан сорттардың сабанында есептеу кезеңдері бойынша келесі көрсеткіштер болды: қопсыту-түтікке шығу 29,6–33,5; басталуы-42,1–55,2; сүттің пісуі-24,5–28,3; пі суі 6,2–8,1 см 2. Жұп бойынша мәндер сәйкесінше шектерде өзгерді 28,6–31,2; 44,2–54,6; 37,5–42,7; 21,1–27,9. Ассимиляция бетінің өсу динамикасын зерттеу үшін ең дәл және тиімді сызықтық өлшеу әдісі ұсынылады. Нәтижелерді пайдалану саласы-селекция және тұқым шаруашылығы, өсімдіктер физиологиясы.

PAULOWNIA TOMENTOSA ӨСІМДІГІНЕН АЛЫНҒАН МИКРОКЛОНДЫҚ БИОМАССАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖЕМ ҚОСПАЛАРЫН ЖАСАУҒА БИОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТӘСІЛ

Өсімдік негізіндегі жем қоспаларын әзірлеу - мал шаруашылығының тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи биотехнологияның өзекті саласы. Paulownia tomentosa сияқты биомасса жинақтау әлеуеті жоғары тез өсетін өсімдіктер ерекше қызығушылық тудырады. Зерттеудің мақсаты P. tomentosa-ның in vitro микроклоналды биомассасын алу және оның биохимиялық және функционалдық параметрлерге негізделген әлеуетті жемдік құндылығын бағалау болды. Әдістер. Микрокөбейту стандартты хаттамаларға сәйкес жүргізілді. Биомасса шикі ақуыз, талшық, аминқышқылдық құрамы және микроэлементтер бойынша талданды. Антиоксидантты белсенділік DPPH және ABTS талдауларын қолдану арқылы анықталды. Әлеуетті жемдік құндылық модельдік диеталарды қолдану және сіңімділік пен метаболизденетін энергия мәндерін есептеу арқылы бағаланды. Нәтижелер. Микроклоналды биомассаның құрамында 18,6 % шикі ақуыз бар екені, теңгерімді аминқышқылдық профильге ие екені және антиоксиданттық белсенділік көрсететіні анықталды (DPPH IC₅₀ = 0,84 мг/мл). Стандартталған өсіру жағдайлары қайталанатын нәтижелерді қамтамасыз етті. Бағалаулар биомассаның 1–5 %-ын диетаға қосу метаболизденетін энергияны және құрғақ заттардың сіңімділігін арттыратынын көрсетті. Қорытынды. P. tomentosa микроклоналды биомассасы жем қоспалары үшін өсімдік материалының перспективалы көзі болып табылады. Алынған нәтижелер алдын ала болып табылады және in vitro және in vivo тәжірибелік тексеруді қажет етеді.

ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА БИДАЙДЫҢ PTR-ГЕ ТӨЗІМДІЛІГІН ДАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ МОЛЕКУЛАЛЫҚ СКРИНИНГТЕУ

Жапырақтың сары дақ ауруы (tan spot) Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайында бидайдың (Triticum aestivum) ең экономикалық маңызды ауруларының бірі болып табылады. Эпифитотиялық жылдары зақымдану деңгейі жоғары ылғалдылық, өсімдік қалдықтарының болуы және монокультура сияқты қолайлы факторлардың үйлесуіне байланысты 70 %-ға дейін жетуі мүмкін. Зерттеуде 60 бидай линиясы ересек өсімдік кезеңінде далалық жағдайда төзімділікке бағаланды. Аурудың даму деңгейі Saari және Prescott (1975), Кременёва (2007) модификацияланған шкалаларымен анықталды, ал ауру динамикасы AUDPC көрсеткішімен (Wilcoxson et al., 1974) бағаланды. ПТР-амплификация Faris et al. (2010) әдісімен жүргізіліп, Tsn1/tsn1 аллельдері анықталды. Генотиптер өсімдік биіктігі (80–126 см) және NDVI (0,51–0,65) бойынша айтарлықтай өзгергіштік көрсетті, бұл олардың физиологиялық жағдайы мен өнімділігіндегі айырмашылықтарды көрсетеді. Далалық бағалау нәтижесінде 33 үлгі толық төзімділік көрсетті (AUDPC = 0), ал сезімтал формаларда AUDPC мәндері 88–455 аралығында болды. Молекулалық скрининг нәтижесінде PtrToxA токсиніне сезімталдықтың болмауымен байланысты tsn1 рецессивті аллелінің жоғары жиілігі (70 %) анықталды. tsn1 тасымалдаушылары төмен зақымдану деңгейімен және төмен AUDPC мәндерімен сипатталды, ал Tsn1 аллелі бар генотиптерде ауру айқынырақ дамыды. Молекулалық және далалық деректердің интеграциясы нәтижелердің жоғары сәйкестігін көрсетті және Xfcp623 маркерінің сенімділігін растады. Практикалық маңызы зерттеу барысында анықталған линиялардың селекциялық процесте бастапқы материал ретінде жоғары құндылығында жатыр. Атап айтқанда, 25-ICARDA-IPBB-2013 × D.588 ma F7 Bermet × RWKLDN9, D.22-ICARDA-IPBB-2013, 1060 D.5353 [(CWARTN) Super KAUZ × D.1017 F7 (Yr15 × Yuzhnaya-12)], Morocco × Steklovidnaya 24, 1138 D.906 F5 (Almaly×29266) ×D.5357 Pastor және D.1055 (DIAMONDBIRD/GALLYA-ARAL1//TAM200/KAUZ) × D.305 Roughrider линиялары tsn1 аллелінің болуымен сипатталып, Pyrenophora tritici-repentis қоздырғышының PtrToxA токсиніне төзімділік көрсетеді. Сонымен қатар, бұл генотиптер жоғары бейімделгіштікпен және өнімділік көрсеткіштерімен ерекшеленеді.

ӘРТҮРЛІ АКАРИЦИДТЕРДІҢ ӘСЕР ЕТУШІ ЗАТТАРЫМЕН ӨҢДЕУ КЕЗІНДЕ TETRANYCHUS TURKESTANI ӨРМЕКШІ КЕНЕСІНІҢ ДОЗАҒА ТӘУЕЛДІ ӨЛІМІ

Зерттеуде жабық және ашық алқап жағдайында соя дақылдарын зақымдайтын Tetranychus turkestani өрмекші кенесіне қатысты бірқатар инсектицидтік және акарицидтік препараттардың уыттылығын бағалау бойынша зертханалық сынақтардың нәтижелері берілген. Әрбір препарат үшін популяцияның әсер етуші зат концентрациясының өзгеруіне жауап реакциясының сипатын көрсететін летальды дозаға тәуелді қисықтары тұрғызылып, негізгі токсикологиялық көрсеткіштер — LC₅₀ және LC₉₀ мәндері есептелді. Бұл препараттарды тиімділік деңгейі бойынша объективті салыстырмалы түрде жіктеуге және зиянкесті сенімді бақылауды қамтамасыз ететін концентрациялар диапазонын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттелген әсер етуші заттардың биологиялық белсенділігі айтарлықтай ерекшеленетіні анықталды. Лямбда-цигалотрин орташа тиімділік көрсетіп, айқын летальді әсерді тек салыстырмалы түрде жоғары концентрацияларда қамтамасыз етті (LC₅₀ = 33,3 мг/л; LC₉₀ = 66,7 мг/л), бұл T. turkestani түрінің аталған қосылысқа сезімталдығының шектеулі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, авермектиндер негізіндегі препараттар, сондай-ақ абамектин + спиромезифен біріктірілген әсер етуші заты жоғары уыттылық танытып, төмен концентрациялардың өзінде жоғары летальды деңгейін қамтамасыз етті (LC₅₀ = 0,18 мг/л және 0,34–6,9 мг/л сәйкесінше). Пропаргит шекті (порогтық) әсер типімен сипатталды (LC₅₀ = 28,5 мг/л), бұл оның контактілі ток сикодинамикасының ерекшелігін көрсетеді. Алынған нәтижелер әртүрлі қосылыстардың тиімділігін салыстырумен қатар, олардың әсер ету ерекшеліктерін де айқындауға мүмкіндік береді, бұл практикалық қолдану үшін маңызды. Бұл өз кезегінде препаратты таңдау дозаға тәуелді әсерді, әсер ету механизмін және зиянкес популяцияларының ықтимал төзімділігін ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін көрсетеді.

СУ, ЖЕР ЖӘНЕ ОРМАН РЕСУРСТАРЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ МЫСАЛЫНДА ТӨГІНДІ СУЛАРДЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ПАЙДАЛАНУДЫ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУ

Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының экологиялық тұрғыдан ең осал аймақтарының бірі болып саналады. Арал теңізінің сарқылуы, замануи тазарту технологияларының жетіспеушілігі сонымен қатар антропогендік жүктемелердің артуы салдарынан туындаған теріс үдерістер халықтың денсаулығына, өңір экономикасы мен су ресурстары саласына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Қалалардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен антропогендік жүктемелер төгінді сулардың орасан зор көлемде жиналуына әкелді. Бұл қалалар маңындағы қоршаған ортаның ластану қаупін күшейтіп, онсыз да өсіп келе жатқан экологиялық жағдайды одан әрі ушықтыруда. Осы жағымсыз үдерістерді басшылыққа алып Қызылорда қаласы мысалында төгінді суларды кәдеге жарату тұрғысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Тәжірибе жұмыстары Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентіндегі модульдік биологиялық тазарту станциясында (МБТС) орындалды. МБТС- ның өнімділігі тәулігіне 6400 м³, қамтылған халық саны – 120,6 мың адамды құрайды. Нақты төгінді сулар көлемі: орташа - тәулігіне 2000 м³, ең жоғары - тәулігіне 5200 м³, тозу деңгейі – 18 %-ды құрап отыр. Кәріз желісінің жалпы ұзындығы - 1871 км, халықты қамту деңгейі – 30 %-ыз.Төгінді сулар жиналатын тоған ауданы 55 гектар, тереңдігі – 1,5 метрді құрайды. Ғылыми-зерттеу жұмысытары 100 м2 құрайтын аумақта жүргізілді. Қазахстан-16, Самур-68, Могар-КазНИИЗиР-80 малазықтық сұрыптары төгінді суларды қосымша тазарту арқылы суарылды.

СУАРУ КЕЗЕНІҢДЕ СУ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҚОЛЖЕТІЛІМДІЛІГІНЕ МАУСЫМДЫҚ ҚАР ЖАМЫЛҒЫСЫ ДИНАМИКАСЫНЫҢ ӘСЕРІ (ҚҰРАҒАТЫ СУБ-БАССЕЙНІ МЫСАЛЫНДА)

Орталық Азияда вегетациялық кезеңдегі су тапшылығы суармалы ауыл шаруашылығы үшін негізгі шектеуші факторларының бірі болып қала береді, әсіресе су ресурстарының қолжетімділігі таулы аймақтардағы қардың жиналуы мен еру үрдістеріне тәуелді трансшекаралық өзен алқаптарында байқалады. Бұл зерттеу Шу бассейнінің Құрағаты суб-бассейнінде маусымдық қар жамылғысы динамикасының сур ресурстарының қолжетімділігіне әсерін бағалауға бағытталған. Қазақстан мен Қырғыз республикасы аумағында орналасқан төменгі ағыс бөлігіндегі ауыл шаруашылығы жерлеріне ерекше назар аудара отырып, қар жамылғысының динамикасы 2018–2025 жылдар аралығында қараша-мамыр кезеңінде теңіз деңгейінен 1000 мден жоғары аумақтар үшін Sentinеl-2 спутниктік деректері негізінде, шекті мәндерге негізделген қарды анықтау әдісін қолда ну арқылы анықталды. Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы эвапотранспирация Landsat деректері негізінде энергия теңгерімі моделін пайдалану арқылы бағаланды, ал гидрометриялық станциялар дағы өзен ағынының деректері гидрологиялық жауапты сипаттау үшін қолданылды. Нәтижелер қар жамылғысының маусымдық тұрақты заңдылығын көрсетті, оның ең жоғары мәндері қыс мезгілінде (желтоқсан-ақпан) байқалады, мұнда орташа көрсеткіштер 55 %-дан асып, желтоқсан айында 59 ± 11.7 %-ға жетеді. Көктемде қар жамылғысы жылдам азайып, сәуір айында 27.6 ± 12.7 %-ға дейін төмен дейді және мамыр айында 10 %-дан төмен болады. Көктемгі қар индексі (наурыз-сәуір) орта есеппен 37 ± 8.2 % құрап, жылдар арасындағы өзгергіштіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Эвапотранспирация айқын маусымдық цикл бойынша өзгеріп, мамыр айында 2.1 ± 0.6 мм/тәулікке дейін артады және маусым айында 7.4 ± 1.2 мм/тәулікке дейінгі ең жоғары мәндерге жетеді. Вегетациялық кезеңдегі (ма мыр-қыркүйек) жиынтық эвапотранспирация орта есеппен 214.4 ± 24.2 мм құрайды. Осы кезеңдегі өзен ағыны орташа өзгергіштікпен сипатталып, орташа мәне 4.26 ± 1.34 м3/с құрайды, ал ең жоғарғы ағындар жаздың басында байқалады. Қыстың соңы мен көктемнің басындағы қар жамылғысы мен мамыр-маусым айларындағы эвапотранспирция арасында тұрақты оң байланыс анықталды, бұл қар еруі суару кезеңінің басталуына су ресурстарының қалыптасуына үлес қосатының көрсетеді. Сонымен қатар, эвапотранспирацияның өзгерісі өсімдік жамылғысының дамуы мен атмосфералық сұраныстың артуына да тәуелді, бұл қар динамикасының бастапқы, бірақ жалғыз анықтаушы фактор емес екенін көрсетеді. 

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫНДА ЕЛДІ МЕКЕН ЖЕРЛЕРІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Цифрландыру жағдайында елді мекен жерлерін аумақтық ұйымдастыру жер ресурстарын тиімді басқарудың маңызды бағыты болып табылады. Урбанизация үдерісінің қарқынды дамуы жəне инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы аумақтық жоспарлауды жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), электрондық жер кадастры жəне «Ақылды қала» технологияларын енгізуге бағытталған ғылыми зерттеулер ерекше маңызға ие. Материалдар мен əдістер. Зерттеу Алматы облысы аумағында жүргізілді. Жұмыста геоақпараттық деректер, электрондық кадастр мəліметтері жəне аумақтық жоспарлау құжаттары пайдаланылды. Зерттеу барысында салыстырмалы талдау, жүйелік тəсіл жəне кеңістіктік деректерді өңдеу əдістері қолданылды. Сонымен қатар Эстония, Оңтүстік Корея жəне Сингапур елдерінің тəжірибелері қарастырылды. Нəтижелер мен талқылау. Зерттеу нəтижелері цифрлық технологиялардың жер учаскелерін тіркеу, кадастрлық деректерді жаңарту жəне инфрақұрылымды тиімді орналастыру процесін жеңілдететінін көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейінің артқаны анықталды. Дегенмен, интернет инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, деректердің толық цифрланбауы жəне ақпараттың қолжетімділік деңгейінің төмендігі негізгі проблемалар ретінде айқындалды. Қорытынды. Елді мекен жерлерін цифрландыру негізінде ұйымдастыру аумақтық жоспарлаудың тиімділігін арттырып, урбанизация үдерісін басқаруды жетілдіреді. Цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мен инфрақұрылымды дамыту – тұрақты дамудың басты факторлары болып табылады.

СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ СУ БАЛАНСЫН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КҮЙЗЕЛІСІ ЖАҒДАЙЫНДА ТАЛДАУ

Су пайдалану саласындағы заманауи сын-қатерлер, сонымет қатар климаттың өзгеруі, су тұтынудың өсуін және су экожүйелерінің деградациясын ескере, су ресурстарын басқаруда тұрақты шешімдерді іздеуді қажет етеді. Бұл жағдайда су қоймалары ұзақ мерзімді перспективада су ағындыны реттеудің негізгі және шын мәнінде жалғыз тиімді құралы болып қала береді. Олардың маңызы әсіресе құрғақ климат жағдайында және өзен ағындының жоғары өзгергіштігі жағынан ең осал аймақтардың бірі – Сырдария өзенінің алабына тән артып келеді. Гидротехникалық құрылыстар ағынды суларды реттеуді және бөлуді қамтамасыз етіп, бұл экономиканың әртүрлі салаларын, соның ішінде ауыз сумен жабдықтауды және «жасыл» энергетиканы тұрақты сумен қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Осыған байланысты су таратуды оңтайландыру және су тәуекелдерін азайту құралы ретінде су қоймаларының су балансын үнемі бағалау қажеттілігі артып келеді. Осы зерттеу шеңберінде өңірдің негізгі су қоймалары бойынша талдаулар жүргізіліп, нәтижелер Шардара, Бадам, Бөген, Қапшағай және Қошқорған су қоймаларында оң балансын көрсетті, бұл су ресурстарының жинақталғанын көрсетіп, су қоймалары жүйелерінің тиімділігін растайды. Су қоймалары икемді және бейімделгіш басқару режимдерін енгізуді талап ететін реттеу қабілетінің шегінде жұмыс істейді. Осыған байланысты су шаруашылығын реттеу әдістерін жетілдіру, ресурстарды бөлуді оңтайландыру және қарастырылып отырған су алабы шегіндегі өзгермелі табиғи-климаттық және антропогендік жағдайларды ескере отырып, су балансының тұрақты мониторингі қажеттілігі артып келеді.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ СУЛАНДЫРУ ҮШІН ЖЕРАСТЫ СУЛАРЫНЫҢ РЕСУРСТЫҚ ӘЛЕУЕТІ МЕН САПАСЫН БАҒАЛАУ

Жайылымдар қатал климат жағдайында және қоректік заттарға қолжетімділік шектеулі болған кезде ауыл шаруашылығында аса маңызды рөл атқарады. Батыс Қазақстан аймағындағы жайылымдық жерлер республика бойынша жалпы жайылымдардың шамамен жартысын құрайды. Кеңес Одағы кезеңінде аталған өңірлердегі жайылымдардың 50 %-дан астамы суландырылған, ал негізгі су көзі ретінде жерасты сулары пайдаланылған. Мақалада Ақтөбе облы сы аумағындағы жайылымдық жерлерді суландыру бойынша іс-шараларды ғылыми тұрғыдан не гіздеуге бағытталған ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижелері қарастырылған, бұл өңірде мал шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Материалдар мен әдістер. Зерттеудің негізгі мақсаты – жайылымдарды суландыру үшін жерасты суларының жарамдылығын бағалау. Далалық зерттеулер барысында жұмыс істеп тұрған құдықтар мен ұңғымалардан су сынамалары алынды, су көздерінің орналасуы картаға түсірілді, сондай-ақ су алу құрылыстарының тозу деңгейі бағаланды. Алынған нәтижелер мал шаруашылығында пайдалануға жарамды тұщы және әлсіз тұзданған жерасты суларының едәуір қоры бар екенін көрсетті. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйесінің қанағаттанарлықсыз жағдайы анықталды: ұңғымалардың басым бөлігі қайта жаңғыртуды қажет етеді, ал механикаландыру деңгейі төмен болып отыр. Жайылымдық мал шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су алу құрылыстарын қалпына келтірудің және жерасты су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізудің орындылығы негізделді. Нәтижелер мен талқылау. Облыс аудандары бойынша жайылымдарға түсетін жүктемені талдау нәтижесінде экожүйелердің қалпына келу белгілері анықталып, антропогендік факторлардың олардың жағдайына әсер ету дәрежесі айқындалды. Қорытынды. Жерасты суларының ресурстық әлеуеті жайылымдарды суландыру және аталған аумақта ұсталуы мүмкін барлық мал басын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

АҚБӨКЕНДЕРДІҢ САН БАСЫН ЕСЕПКЕ АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША ПОПУЛЯЦИЯ ТЫҒЫЗДЫҒЫН АНЫҚТАУ

Мақалада ақбөкендердің сан басын  есепке алу жұмыстары бойынша популяция тығыздығын анықтау қарастырылады. Ақбөкен популяцияларын есепке алу барысында олардың маусымдық миграциялық бағыттары, шоғырлану аймақтары және құрылымы кешенді түрде талданды. Зерттеу нәтижелері ақбөкендердің ойнақтау не көбею орындарына жиналғанға дейін аяқталуы керектігі, кеш жүргізілген есептік санақ жануарларды санауды қиындататыны және ол буаз аналықтар үшін стрестік жағдайлардың арттыратындығы және  есепке алу жұмыстары ақбөкендердің популяциясына байланысты 15-20 сәуірге дейін аяқталғаны дұрыс екені анықталды. Ақбөкендердің саны мен тығыздығының артуына байланысты санақ нәтижелері дәлдігінің төмендеуіне Орал және Бетпақдала популяциясында ақбөкендер санындағы үлкен топтардын бағалаудың дәлдігі, сенімділігі мәселесі туындап отыр. Осыған байланысты, ақбөкендерді есептік санаудың әзірленген әдістемесін ескере отырып, оларды көбірек әуедегі ұшақтан аэрофототүсіруді жетілдіру жолдары ұсынылды. Аумақтағы ұшақтарға 40-сағаттық ұшудың орнына 50-сағаттық ұшу керектігі анықталды. Популяцияның тығыздығы жоғары жағдайларда санау және мониторинг сапасын жақсарту үшін жыл сайын әр популяциядағы іріктелген ақбөкендерді таңбалау қажет, бұл қозғалыстардың уақыты мен жалпы сипатын бақылауға және есептік санақ аймақтарын оңтайландырады. Жергілікті аңшы мамандармен біріге отырып, ақбөкендердің сан басына мониторинг жүргізу жүйесін дамытып отыру керектігі ұсынылды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН МЕХАНИКАЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЭЛЕКТРЛЕНДІРУ

ЖИНАУ ЖӘНЕ ТАСЫМАЛДАУ ТІРКЕСІНІҢ ЖИНАУ БӨЛІМШЕСІНЕ АУАМЕХАНИКАЛЫҚ АҒЫНЫМЕН ШӨП ТҮСУ ПРОЦЕСІН НЕГІЗДЕУ ЖӘНЕ МОДЕЛЬДЕУ

Шөп жинау технологиялары  жинау және тасымалдау тіркесінің (ЖТТ) пайдалануды қамтиды. Тіркесі шөп жинаудан бастап, қалыптасқан шөп үйіндісін түсіруге дейінгі операциялардың үйлесімін қамтамасыз етеді. Материалдар мен әдістер.Бұл мақалада айналмалы калакшалы тиегішпен жинау бөлімшесіне өсімдік материалын ауа-механикалық тасымалдаудың егжей-тегжейлі негіздемесі, сондай-ақ технологиялық процестің тиісті математикалық модельдеуі ұсынылған. Ауа ағыны мен механикалық күш компоненттерінің әсерінен материалды тасымалдаудың мультипликативті әсерінің теориялық талдауы келтірілген; тиегіштің ротор қалақтарымен пайда болған ауа ағынының энергиясы ауа өткізгішіндегі қозғалысқа кедергіні жеңу үшін пайдаланылатыны көрсетілген; және жинау камерасын өсімдік материалымен оның өлшеміне қатысты толтыру процесінің теориялық талдауы ұсынылған, бұл тиісті тиеу құралдарының жылдамдық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді, бұл процестің жоғары сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Нәтижелер және талқылау. Зерттеу нәтижелері ауа ағынын тасымалдау қуатының есептелген және эксперименттік мәндерін, сондай-ақ тиегіштің ауа өткізгішінің кірісіндегі ауа ағынының жылдамдығын көрсетеді. Әртүрлі ротор жылдамдықтарында шөп бөліктерінің ұшу қашықтығына әсерінің графикалық тәуелділіктері алынды. Белгілі Бернулли теңдеуін қолдана отырып, өсімдік материалын тасымалдау кезіндегі ауа қысымының жалпы жоғалу балансының математикалық тәуелділігі алынды. Бұл мақалада ауа ағыны мен қысымын анықтау бойынша теориялық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ кіріс, шығыс және құбыр еніндегі ауа ағыны жылдамдығының өзгеруінің аэродинамикалық эксперименттік зерттеулері ұсынылған. V1 aуа ағынының жылдамдығына байланысты тиегіштен шығатын шөп бөлшегінің траекториясы үшін аналитикалық өрнек алынды. Қорытынды. Жинау және тасымалдау тіркесінің (ЖТТ) тиегішімен шөпті тасымалдаудың енгізілген пневмомеханикалық әдісінде тиегіштің кірісіндегі ауа ағынының жылдамдығы V2= 30 м/с екені, ал тиегіштің шығысындағы жылдамдық 24 м/с дейін төмендейтіні анықталды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК АЙМАҒЫНЫҢ ТОПЫРАҚТЫҚ-КЛИМАТТЫҚ ЖАҒДАЙЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ ТҰҚЫМЫН ДӘЛ СЕПКІШ

Қазақстанның оңтүстік-шығысында наурыз айының аяғында температура күрт көтеріліп, топырақтың беткі қабатының кебуіне алып келеді. Нәтижесінде үстіңгі қабаттағы топырақ кесектері қатайып, қаттылығы 3 немесе одан да көп МПа жетеді, мұндай жағдай пассивті жұмыс бөлшекті құралдарды пайланғанда топырақты қопсытуды қиындатады. Соның салдарынан көктемгі өңдеуден кейінгі топырақтың құрамы тұқым себу агроталаптарына сәйкес келмейді. Тұқым себер алдындағы топырақты өңдеу мен тұқым себу арасындағы кідіріс топырақтың құрғап кетуіне ықпал етеді және өсінділердің пайда болуын кешіктіреді. Сонымен қатар, кейбір тұқымдар топырақ бетінде қалып қояды. Ұсынылған сепкіш құрал 45, 50, 60 см қатараралықтарда тұқым себеді, тұқым себу аймағында топырақты жолақты фрезерлі өңдеуді жүргізеді, нығыздалған тұқым төсемін жасаумен қоса тұқымдық қарықты дайындайды, сондай-ақ қабық тұзілуіне қарсы жабылтқыш арқылы қыртысты қалыптастырады.Теориялық зерттеулер топырақ өңдеу механикасының классикалық әдістеріне сәйкес жүргізілді, жобалық құжаттаманы әзірлеу және тәжірибелік үлгіні сынау бекітілген МЕМСТ және стандарттарға сәйкес жүргізілді. СТВ-2,4 сепкіш-фрезердің фрезерлік жұмыс бөлшегінің параметрлері негізделді. Тәжірибелік үлгі жасалды және оның алдын ала сынақтары жүргізілді, оған сәйкес орташа квадраттық ауытқу шамасы (±σ) 1,8 см және вариациялық еселігі (γ) 15,9 болғанда топырақтың нақты өңдеу тереңдігі белгіленген 11,3 см мәніне сәйкес болды. Ұсақ түйіршікті (20 мм-ден аз)топырақ фракциясының мөлшері  84,5% құрады. Тұқым себу тереңдігі ±σ = 0,63 см және γ = 19% болғанда тұрақты орташа есеппен 3,3 см болды. Қатардағы себілген тұқымның белгіленгшен саны 5 дана жағдайында 1 бойлық метрдегі нақты тұқым саны 4,7 дананы құрады. 

ИНВЕРТОРЛЫҚ КОМПРЕССОРЫ БАР ВАКУУМДЫҚ СУБЛИМАЦИЯЛЫҚ КЕПТІРУ ЖҮЙЕСІ

Бұл жұмыста бір фазалы 220 В электр қоректендіру желісінен жұмыс істейтін интеллектуалды вакуумдық сублимациялық кептіру жүйесінің әзірленуі және эксперименттік тексерілуі ұсынылған. Жүйе электрлік инфрақұрылымы шектеулі жағдайларда шағын және орта тағам өндірісі кәсіпорындары үшін сублимациялық кептіру үдерістерінің энергия тиімділігі мен пайдалану тұрақтылығын арттыру мақсатында жасалған. Әзірленген қондырғы құрамына инверторлық компрессор жане энергияны көп тұтынатын компоненттерге, соның ішінде тоңазыту жүйесіне, вакуумдық насосқа және қыздыру жүйесіне арналған жүктемені тізбектеп басқару алгоритмі енгізілген. Эксперименттік зерттеулер 45–50 кг дейін өнім жүктелген жағдайда ешкі сүтін сублимациялық, кептіру барысында жүргізілді. Кептіру циклі бойы температура, қысым, массаалмасу және энергия тұтыну параметрлері бақыланды. Алынған нәтижелер негізгі сублимация кезеңінде вакуумдық режимнің 45–55 Па ара-лығында, ал конденсатор температурасының 46-дан 48°С аралығында тұрақты сақталғанын көрсетті. Жүзеге асырылған жүктемені тізбектеп басқару алгоритмі электр қуатының шекті тұтынуын 6,5 кВт деңгейінде шектеп, стандартты бір фазалы 220 В электр желісінен тұрақты жұмыс істеуді қамтама-сыз етті. Ешкі сүтін эксперименттік кептіру нәтижесінде өнімнің қалдық ылғалдылығы 1,8 4,2 % аралығында болып, ылғалды жою тиімділігі 95 %-дан жоғары болды. Салыстырмалы талдау дәстүрлі үш фазалы сублимациялық кептіру жүйелерімен салыстырғанда орнатылған қуаттың және энергия тұтынудың төмендегенін растады. Алынған нәтижелер әзірленген интеллектуалды вакуумдық сублимациялық кептіру жүйесін Қазақстандағы фермерлік шаруашылықтар мен шағын тағам өнеркәсібі кәсіпо-рындарында қолданудың практикалық мүмкіндігін дәлелдейді.

ҚОЙДЫҢ ТӨСЕНІШТІ КӨҢІНІҢ ЫЛҒАЛДЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУ БОЙЫНША СЫНАҚ ЖҮРГІЗУ ӘДІСТЕМЕСІ

Мақалада органикалық тыңайтқыш ретінде перспективалы болып табылатын төсенішті қой қиының физика-механикалық қасиеттері зерттеледі. Зерттеудің өзектілігі мал шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалану қажеттілігімен және ауыл шаруашылығындағы агротехникалық процестерді оңтайландырумен негізделеді. Ерекше назар тыңайтқыштың қоректік құндылығына, сақтау жағдайына, тасымалдауға және топыраққа енгізу тиімділігіне елеулі әсер ететін ылғалдылық көрсеткішіне аударылған. Зерттеудің мақсаты – төсенішті қой қиының ылғалдылығын анықтау және оның маусымдық жағдайларға байланысты өзгеруін талдау. Қойылған мақсатқа жету үшін әртүрлі уақыт кезеңдерінде қи үлгілері алынып, зертханалық сынақтар жүргізілді. Зерттеу әдістері үлгілерді (105±2) °С температурада тұрақты массаға дейін кептірудің стандартты әдісіне және кейін ылғалдылықты арнайы формула бойынша есептеуге негізделген. Зерттеулер арнайы зертхана жағдайында кептіру шкафы мен зертханалық таразыларды қолдану арқылы жүргізілді. Барлығы қаңтар, ақпан және наурыз айларында алынған үш сериялы үлгі талданды. Негізгі нәтижелер қи ылғалдылығының қаңтарда 62,37 %-дан наурызда 55,65 %-ға дейін өзгеретінін көрсетті. Қыс-көктем кезеңінде ылғалдылықтың біртіндеп төмендеу үрдісі анықталды, бұл температураның өзгеруімен және ауа алмасудың жақсаруымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, қи массасында ылғалдың біркелкі таралуы байқалды. Қорытындыда ылғалдылықты бақылау қой қиының тиімді пайдаланылуын арттырудың маңызды факторы екені атап өтілді. Алынған нәтижелер органикалық тыңайтқыштарды сақтау, тасымалдау және қолдану процестерін оңтайландыруда пайдаланылуы мүмкін.